Алматы қаласында әрбір жұмыс істейтін 7 азамат ресми түрде жеке бизнесте еңбек етеді. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай мәлімдеді.
Палата басшысы бүгінде Алматы еліміздің жалпы ішкі өнімінің 5-бөлігі мен мемлекеттік бюджетке салық және салық емес түсімнің төрттен бір бөлігінен астамын да осы қала қамтамасыз етеді. Шағын және орта бизнес қала экономикасының – 34 пайызын, салықтүсімдерінің 50 пайызын, көтерме және бөлшек сауда операциясының 40 пайыздан астам көлемін құрайды. 2017 жылдың 9 айында Алматының жалпы өңірлік өнімі 7 трлн 94 млрд теңге болды және осы соманың 85 пайызын сауда және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлік субъектілері қамтамасыз етті. Бүгінде Алматыда шағын және орта бизнестің 173 мың субъектісі бар. Әрбір жұмыс істейтін 7-ші азамат ресми түрде жеке бизнесте еңбек етеді, деді.
2016 жылдың қорытындысы бойынша Алматының орташажиынтық Жалпы өңірлік өнімі $17,5 мың АҚШ долларын құрады. 2030 жылға қарай 28 мың долларға, ал Қазақстанның Жалпы ішкі өніміндегі қаланың үлесі 37 пайызға жетеді деп күтілуде. Сол уақытқа дейін Алматы агломерациясында тұрғын саны шамамен 4 млн адамға жетеді.
–Осылайша Қазақстан Республикасының бизнес ахуалының жалпы жағдайы мен дамуы бизнес-қоғамдастықтың және біздің қала тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігіне байланысты болмақ, – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ